Жаңа әліпбиді қысқа мерзімде үйретудің бағдарламасы таныстырылды

«Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығында 2019 жылғы 22 ақпанда ЖОО-ның филолог-ғалымдарының қатысуымен латын графикасына негізделген жаңа әліпбиді енгізу жұмыстарын жүргізуге байланысты «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емле-ережелерін үйрету сабақтары» тақырыбында әзірленген қысқа мерзімді курстың бағдарламасын таныстыру және оны талдауға арналған әдістемелік отырыс өтті.

Отырысқа А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың практикалық лингвистика кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. Г.Қ.Жүрсіналина, Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ-дың филология факультетінің доценті, ф.ғ.к. Қ.Т.Нұрмұхамбетова, аға оқытушы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Т.Т.Сейсенбай, қалалық білім бөлімі №1 мектеп-лицейінің директоры С.С.Шарипова, Қостанай облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының жоспарлау, талдау және ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы К.Ә.Бимағанбетов  арнайы шақырылды.

Әдістемелік отырыс барысында оқытушы Р.Нұржанова 24 сағаттық қысқа мерзімді курстың бағдарламасымен және оның жұмыс дәптерімен таныстырды. Бағдарлама авторлары Ж.Ербатырова, Р.Нұржанова.

Отырыс соңында ғалымдар өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Әдістемелік отырыс қорытындысы бойынша филолог-ғалымдардың сын-пікірлері ескеріліп, оқыту курсының бағдарламасын 36 сағатқа көбейту шешілді. Бағдарламаға толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, аудандық, қалалық тілдерді оқыту орталықтарына әдістемелік көмек ретінде таратылады.

Аталған бағдарлама бойынша сәуір айынан бастап латын графикасына негізделген жаңа әліпбиді оқыту бойынша қысқа мерзімді курстар басталады.