Қостанайда ағылшын тілі оқытушыларының кәсіби біліктілігін арттыруға арналған облыстық семинар өтті.

30 сәуір күні Қостанай облысы әкімдігінің мәжіліс залында «Modern English Teaching Tools & Techniques» атты мазмұнды облыстық семинар өз мәресіне жетті. Семинардың ашылу салтанатында «Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы» ММ басшысының орынбасары Ерлан Жангелдіұлы Әбілов алғы сөз сөйлеп, өңірдегі тіл саясатын іске асырудағы оқытушылардың рөлін атап өтті. Семинардың басты спикері — Қостанай қаласындағы ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебінің ағылшын тілі мұғалімі Диана Бексұлтанқызы Жидебаева заманауи әдістемелердің қыр-сырын ашып, халықаралық озық тәжірибелерді қатысушыларға асқан шеберлікпен жеткізді.

Іс-шараға қалалық және аудандық орталықтардың 30-дан астам білікті маманы қатысты.

Семинар алаңында заманауи педагогиканың ең өзекті трендтері талқыланды:

Саралап оқыту (Differentiated Instruction): Қатысушылар білім алушылардың жеке қабілеттеріне қарай оқу сапасын арттырудың тиімді стратегияларын меңгеріп, оны практикада қолдану жолдарын пысықтады.

Әлеуметтік-эмоционалдық оқыту (SEL): Білім берудегі эмоционалдық интеллекттің рөліне баса назар аударылды. Теориялық негіздерден бөлек, аудиторияда SEL компоненттерін енгізу бойынша нақты кейстер мен тапсырмалар орындалды.

Заманауи әдістемелер мен халықаралық тәжірибеге негізделген сессиялар қатысушылар үшін өте тағылымды болды. Жиын соңында «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы Тоты Әбдібекқызы Айтмағамбетова қатысушыларға алғыс айтып, семинарды қорытындылады. Барлық оқытушыларға кәсіби біліктілігін растайтын арнайы сертификаттар табысталды.


Бұл семинар — облыс оқытушыларының өзара тәжірибе алмасуына және ағылшын тілін оқытудың сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам.