ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ ТІЛДЕРІ КҮНІНЕ ОРАЙ «ТІЛ – РУХАНИ ҚАЗЫНА» АТТЫ САЛТАНАТТЫ МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА ӨТТІ.

Тағылымды шара биыл туғанына 185 жыл толып отырған ұлы ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсариннің мерейтойына және қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне арналды.

Салтанатты жиын барысында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, тіл саясатын дамытуға, оның қолданыс аясын кеңейтуге және қоғамдағы тіл мәдениетін қалыптастыруға елеулі үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі лайықты бағаланды. Тіл жанашырлары мен сала мамандарына төсбелгілер, Құрмет грамоталары және арнайы Алғыс хаттар табысталды.

Сондай-ақ «Үздік тілдерді оқыту орталығы», «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» облыстық байқауларының жеңімпаздары мен мемлекеттік тілді түрлі салада насихаттап жүрген үздіктер марапатталды.

Тіл – ұлттың рухани қазынасы, халықтың тарихы мен мәдениетін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін асыл мұра. Ана тіліміздің абыройын асқақтатып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге үлес қосып жүрген барша азаматтарға алғыс білдіреміз!