2026 жылғы 12 маусымда Қостанай қаласының «IQostanay» SMART-орталығында тіл мамандарының, қалалық және аудандық тілдерді оқыту орталықтары басшыларының, сондай-ақ мемлекеттік тіл оқытушыларының қатысуымен «Оқытудың мазмұны: тілдік дағдылар және инновациялық стратегиялар» атты ауқымды облыстық семинар ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында қазақ тілін дамытудың заманауи бағыттары қарастырылып, әсіресе «Қазақ тілін цифрландыру: ұлттық тіл корпустары, нейрожелілер және тілдік деректер» тақырыбына ерекше назар аударылды.
Семинардың спикерлері мен модераторлары:
Модератор: Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы басшысының орынбасары — Әбілов Ерлан Жангелдіұлы.
Негізгі спикер: Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары — Есбосын Лиза Қожаққызы.
Семинар аясында қазақ тілін оқыту үдерісіне заманауи IT-технологияларды, жасанды интеллект мүмкіндіктерін және инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізу мәселелері жан-жақты талқыланды. Тәжірибелік сессия барысында қатысушылар жаңа цифрлық құралдармен жұмыс істеу әдістемесін меңгерді.
Семинар соңында мемлекеттік тілді оқытудың жаңа цифрлық технологияларын меңгергені және біліктілігін арттырғаны үшін барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілді.



