«Оқытудың мазмұны: тілдік дағдылар және инновациялық стратегиялар» облыстық семинар

 2022 жылғы 31 мамыр – 1 маусымда Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Қостанай облысы бойынша кәсіби даму институты базасында  «Оқытудың мазмұны: тілдік дағдылар және инновациялық стратегиялар» тақырыбында 2 күндік облыстық семинар жоғары деңгейде өтті.


Семинар мақсаты мен міндеттері: екінші тілді оқытуда оқытушылардың оқу және оқыту үдерісіндегі кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру; тілдік дағдылардың ерекшеліктеріне сәйкес оқыту; стратегиялардың білім сапасын арттырудағы маңыздылығын анықтау; оқыту үдерісінде инновациялық стратегияларды қолдана алу.

Семинарға өңірдегі аудандық, қалалық тілдерді оқыту орталықтарының әдіскер-оқытушылары,  тіл мамандары барлығы 64 адам офлайн және онлайн форматта қатысып, өз біліктіліктерін арттырды.

Аталған семинардың спикерлері ретінде Жусупова Галия Сапарбековна – «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Қостанай облысы бойынша кәсіби даму институтының кафедра меңгерушісі – «Қазақ тілін оқытудың ерекшеліктері. Тілдік дағдылармен жұмыс. Мәтінмен жұмыс жасау жолдары», Сергазина Зейнегуль Джумадиловна – «Қостанай қаласы білім бөлімінің №18 мектеп-гимназиясы» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі – «Өзге тілді ортада қазақ тілін үйретудің инновациялық стратегиялары», Ахметкалиева Алия Мирашовна – Лисаков  қаласы білім бөлімінің №3 ЖББМ мектеп директоры – «Мемлекеттік тілді оқытудағы әдістемелік құралдар» тақырыбында практикалық тренинг өткізді.

Жалпы екі күндік облыстық семинар қорытындысы бойынша қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, жоғары белсенділік танытты. Барлық қатысушыларға Сертификат табысталды.