Жалпықазақстандық ашық диктант өтті

2021 жылы 3 қыркүйек күні «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Мың бала» республикалық мәдени- ағартушылық жобасының аясында жалпықазақстандық ашық диктант өтті.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған жалпықазақстандық диктанттың тақырыбы «Тәуелсіздік – басты құндылығымыз!».

Аталған іс-шараны Қостанай облысы әкімдігінінің тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бимағанбетов К.Ә. кіріспе сөзбен ашып, шараның мақсаты туралы баяндап берді. Ашық диктантқа этномәдени бірлестіктер өкілдері, студенттер, бюджет саласының қызметкерлері қатысты.

«Тәуелсіздік – басты құндылығымыз!» жалпықазақстандық ашық диктантын «Тілдарын» облыстық орталығының оқытушылары Жұмабаева Жазира Әлімжанқызы, Касым Шахзада Боранбайқызы, Маканова Аягөз Артурқызы оқыды.

Ашық диктанттың мақсаты қоғамымызда халықты ұйымдастырушы фактор – мемлекеттік тілді білуге қызығушылықты арттырып, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту. Осылайша диктантқа қатысушылар өз білім деңгейлерін және қаншалықты сауатты жазатындықтарын тексеруге мүмкіндік алды.