Тіл форумы

24 қазан күні еліміздің астанасы Нұр-Сұлтанда ҚР Мәдениет және Спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Тұңғыш рет Тіл форумы болып өтті.

Тіл форумын ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова ашып берді. Тіл форумы аясында «Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі» тақырыбында пленарлық мәжіліс, «Ғылым, білім және тіл», «Мемлекеттік тіл болашағы – жастар болашағы», «Бизнес және тіл», «Заң және тіл», «БАҚ және тіл», «Өңірлердегі тілдік ахуал» пікір алаңдары, республикалық орталық коммуникациялар орталығындағы брифинг, көрме тәрізді іс-шаралар жүргізілді.

Тіл форумына Қостанай облысының делегациясын басқарма басшысы Гүлжан Ермашқызы Мендекинова бастап барды. Делегация құрамында жоспарлау, талдау және ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы Кенжеғали Әмірғалиұлы Бимағанбетов, «Тілдарын» тілдерді оқыту орталығының басшысы Жұлдызай Қабділмәжитқызы Ербатырова, Рудный қалалық тілдерді оқыту орталығының директоры Жанна Ерманқызы Жанбуршина бар.

Тіл форумында Қостанай облысы бойынша тілдерді оқыту орталықтарының әдіскер-оқытушылары әзірлеген латыннегізді әліпби мен оның емле ережелерін насихаттауға, латын қарпінде оқу-жазу дағдысын қалыптастыруға арналған оқу-әдістемелік, көмекші құралдар мен дидактикалық материалдардан көрме ұйымдастырылды.