«Жаңа әліпби – жаңа дәуірдің бастауы» атты семинар-тренинг өтті

2019 жылғы 24 сәуірде Рудный қаласы әкімдігінің мәжіліс залында «Тіл, жастар, қоғам» жобасының аясында жастар арасында мемлекеттік тілді танымал етуге және қазақ тілінің латын графикасына көшуіне байланысты мәселелерді түсіндіруге бағытталған «Жаңа әліпби – жаңа дәуірдің бастауы» атты семинар-тренинг өтті.

Аталған  іс-шараға  Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің директоры Ж.Құсайын, «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы А.Миркемелова, Рудный қаласы әкімдігінің «Қалалық тілдерді оқыту орталығының» басшысы Ж.Ерманова,  әдіскері Ж.Досубаева, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, орталық әдіскерлері қатысты.

Семинардың модераторы Ж.Құсайын «Жаңа әліпби – жаңа жаһандану дәуірі» деген баяндамамен сөз бастап, Ж.Ерманова қалада қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша атқарылып жатқан іс-шараларға, оқытушы А.Миркемелова жаңа әліпбидің емле-ережесінің ерекшеліктеріне тоқталды.

Семинарға қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын айтты. Жоғарыда айтылған мәселелерді қарау және талқылау барысында туындаған сұрақтарға толық жауаптар берілді.