Латын әліпбиіне негізделген қазақ тілін оқыту кабинеті ашылды

2019 жылғы 18 сәуірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының базасында Латын  әліпбиіне негізделген қазақ тілін оқыту кабинетінің салтанатты ашылуы болды.

Аталған іс-шараға ҚР МСМ Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО ғалым-хатшысы, ф.ғ.к. Г. Мамырбекова, «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері К.Укин, өңірдегі зиялы қауым, баспасөз өкілдері, жергілікті филолог ғалымдар мен жоғары және орта оқу орындарының басшылары қатысты.

Іс-шара М.Оспановтың арнауымен басталды. Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы басшысы Г. Меңдекинова құттықтау сөз сөйлеп, ф.ғ.к. Г. Мамырбекова жаңа кабинеттің ашылуын жоғары бағалап, тарихта қалатын сәт деп бағалады.

Заманауи техникамен жабдықталған кабинетте латын  әліпбиіне негізделген қазақ тілін оқытудың қысқа мерзімді 24 сағаттық курсын өткізу жоспарланып, соған сәйкес орталық оқытушылары қарапайым деңгей және орта деңгейге арналған курс бағдарламаларын әзірледі.

Іс-шараның барысында жұртшылыққа орталықтың tildaryn.kz сайтында жасақталған «Оңай оқы, оңай жаз» атты жаңа әліпбиді меңгеруге арналған онлайн-оқыту айдары таныстырылды.

Кабинеттің салтанатты ашылу рәсімі қонақтар мен қатысушылардың естелік суретке түсуімен аяқталды.