Мемлекеттік тіл оқыту бойынша пилоттық жоба басталды

Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында, Қостанай облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы базасында 2018 жылғы 27 тамызда басқарма және департамент басшылары үшін (пилоттық жоба ретінде) бір күндік мемлекеттік тілді оқыту курсы өткізілді. Аталған курс тыңдаушыларына қызмет көрсету саласы бойынша көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін қалыптастыру тақырыбы бойынша сабақ үлгісі таныстырылды және қазақ тілінің латын графикасына көшуі жөнінде толық ақпарат берілді.

 Сабақты орталық оқытушылары А.Доспанова мен М.Кульбаева жүргізді. Тілді меңгеру деңгейіне байланысты тыңдаушылар екі топқа бөлінді. Сабақ барысында http://www.qazlatyn.kz сайты арқылы салалық терминдерді латын графикасында жазу үлгілері таныстырылды. Сонымен қатар, тақырыпқа сәйкес тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым бойынша тапсырмалар орындалды.

Тыңдаушылардан сабақ соңында сауалнама алынды. Мемлекеттік тілді меңгеруге деген сұранысқа сәйкес алдағы уақытта сала бойынша оқыту курстары ұйымдастырылатын болады.