“EXPO-2017 «Нұр әлем» павильоны” ашық сабағы

«Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы» КММ оқытушысы

Крикпенова Гүлмира Талғатқызы

 

Сабақтың тақырыбы:

EXPO-2017 «Нұр әлем» павильоны  

Сабақтың мақсаты: 

білімділік: тындаушылар  арасында қазақ тілінің қадір-қасиетін, тіл ұлттың мұрасы екенін ұғындырып, қазақ тілі бойынша алған білімдерін Отан, туған жер  ұғымдарымен ұштастыру.

– дамытушылық:  мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп, мәртебесін арттыру. Тілдердің үштұғырлығын іске асыруға ықпал жасау.

– тәрбиелік: тыңдаушылардың  мемлекеттік тілге деген қызығушылықтарын оята отырып, сүйіспеншілігін арттыру, патриоттық сезімдерін ояту.

Сабақтың түрі:

бекіту сабағы

Сабақтың әдісі:

сұрақ – жауап, түсіндіру, аударма, шығармашылық  жұмыс,  баяндау, іздену, әңгіме, сұхбат,   ой қорыту

Сабақтың көрнекілігі:

интерактивті тақта, үлестірмелі материалдар, суретті плакат, бейнебаян, слайд.

САБАҚТЫҢ БАРЫСЫ:

І. Ұйымдастыру кезеңі:

Оқытушының кіріспе сөзі.

Армысыздар, құрметті бүгінгі  ашық сабағымызға  қатысушы  тыңдаушылар  мен оқытушылар! Өздеріңізге мәлім  қазіргі уақытта елімізде EXPO-2017 көрмесі өтіп жатыр. Өткен сабағымызды жалғастыра келе, «Нұр әлем» павильонының әр қабатына саяхат жасай отырып тапсырмалар орындау арқылы  энергия көзін дамытамыз.

ІІ. Ой тудыру. Тыңдалым

Интерактивті тақта арқылы «EXPO-2017» көрмесі туралы  бейнебаян көрсетіледі.

ІІІ. Сайыстың өту барысы

І жүргізуші:

 

Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін – келбеті, болмысы. Халықтың тарихта қалуы – тіліне, тілінің сақталуына байланысты. Халық үшін, тіл үшін болған күрестер – ата-баба мұраты, ол бүгінгі тарих беттерінде мәңгілік ұмытылмай сақталады. Бүгін біз Тәуелсіз Қазақстанның жігерлі жастары болсақ, ол – бабалар ерлігінің арқасында! Ендеше елімізді, тілімізді құрметтейік, достар! Бүгінгі сайыста сіздер тілді меңгеру барысында алған білімдеріңізді төмендегі тапсырмалармен сабақтастыра пайымдайсыздар.

ІІ –жүргізуші:

Тауды биік деме сен

Талаптансаң шығарсың.

Жауды мықты деме сен

Білімді болсаң жығарсың – дегендей бүгінгі саяхат- сайыс сабағымызды бастайық.

Бұл сайысқа  «Болашақ энергиясы» және «Жасыл экономика»  атты екі команда қатысады.

Бұл екі топтың басты мақсаты «Нұр әлем» павильонының қабаттарына көтерілу арқылы энергия көзін дамыту. Сайысымызды бастамас бұрын әділқазы алқасымен таныс болыңыздар.

1– топ. «Болашақ энергиясы»

2 – топ. «Жасыл экономика»

І – жүргізуші

Енді сайыс сабағымызда берілетін тапсырмалармен таныс болайық.
1-қабат «Қазақстан павильоны»  Таныстыру. Астана қаласының көрікті орындары сайысы

2-қабат «Су энергиясы». «Мақалдың жалғасын суреттен табу»  сайысы

3-қабат «Кинетикалық энергия» Полиглот сайысы  

4-қабат «Биомасса энергиясы» Жұмбақ жылдар сайысы

5-қабат «Жел энергиясы» «Зерделіге зерлі сөз»  тест тапсырмасы

6-қабат «Күн энергиясы»  «Көршісін тап»   сайысы

7-қабат «Ғарыш энергиясы» Мозайка құрастыру сайысы (грамматикалық тапсырма)

8-қабат «Болашақтағы Астана» «Хат қоржыны» сайысы

ІІ жүргізуші

Әрбір сайыста «Нұр әлем» павильонының әр қабатына  тоқтаймыз.

Тапсырмалар:

Сәлем – сөздің анасы дегендей кезекті топтардың сәлемдесуі таныстыру кезегіне сөз береміз. (топ капитаны өздерін және тобын таныстырады).

І – жүргізуші.

«Қазақстан павильоны»

Тәңіріме бас иіп бағынамын,

Туған жерді аңсаймын сағынамын.

Туған жер деп соғады жүрегімде,

Басымды иіп өзіңе табынамын, – дей келе кезекті «Қазақстан павильонынан»   бастаймыз.

Біздің алғашқы саяхатымыз  Астана қаласының көрікті орындарынан  басталады.  Сайыстың шарты бойынша әр топтың көшбасшысы карточкада берілген  мәтінде қай ғимарат туралы айтылған  екенін ым-ишарамен (мысалы, нысанның сұлбасын саусақпен көрсету, тыңдаушының фантазиясына байланысты) айтып беру керек.  Кейін сол мәтінді оқып береді . Кейін сол  мәтіндер бойынша әр топ бір-біріне кезекпен сұрақ қояды.

ОҚЫЛЫМ.

 

 

«АТАМЕКЕН» қазақстан картасы

         Бұл этно-мемориалды кешен 2001 жылы 8 қыркүйекте ашылды. Картада 14 облыс және Астана, Алматы қалалары бар. Мұнда барлық  табиғи зоналар мен ландшафттар, заманауи және тарихи ғимараттар, ескерткіштердің шағын мүсіндері тұр. Мысалы, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі және Бұқтырма су қоймасы, Президент  Резиденциясы.

«ХАНШАТЫР»  Сауда және ойын-сауық орталығы

Танымал британ сәулетшісі Норман Фостердің жобасымен салынған. 2300 тонналы ғимарат Есіл өзенінің сол жағалауында  бой көтерді. Шатыр биіктігі 150 метрге  дейін жетеді, сыртқы жағы тұтас арнайы әйнектермен қапталған.

«ДУМАН» ойын-сауық орталығы

2003 жылы мамырда жұмысын бастаған бұл кешенде ең қызығы   – мұхитаралы. Су қоры 3 миллион литрге жетеді. Теңіз тіршілік иелерінің 100-ден астам түрі мекен етеді. Мұхитаралында мысық-акула кездеседі. Ол мысық сияқты дыбыс шығарады.

«АБУ ДАБИ ПЛАЗА» кешені

Астананың тағы бір таңғажайыбы – көп мұнаралы Абу Даби Плаза кешені. Ол орта Азиядағы ең зәулім ғимарат болып есептеледі. Құрылыс 2011 жылы басталды. Басты мұнара 88 қабаттан тұрады. Ең биік мұнаралар солтүстік тұстан тұрғызылған даладан соғатын суық желге «сыртын» беріп тұр, ал күн панельдері оңтүстікке бағытталған.  Бұл экодизайн деп аталатын озық технологияларға сай жасалған жоба.

«Су энергиясы»

«Мақалдың жалғасын суреттен табу»

 

Келесі шығатын  екінші  қабат «Су энергиясы» деп аталады.

Ойын шарты бойынша әр топ  берілген мақалды кезекпен толықтыруы қажет.

Су анасы —  ,
Су анасы – 

 ойнама — батарсың, 

Отпен ойнама — 

 Су ішкен   … түкірме.

 ырыстың көзі,
 кірістің көзі.

 

 көркі — құрақ,

 көркі — бұлақ.

ІІ – жүргізуші.

«Кинетикалық энергия»

Полиглот сайысы

3-қабат «Кинетикалық энергия»  деп аталады. Сайыстың  шарты:  Полиглот сайысы (әр топ тыңдаушылары берілген тапсырма бойынша үш тілде аударма жасау керек). 

Отан – отбасынан басталады.  (семья, family)

Туған жердей жер болмас, (земля, world)

Туған елдей ел болмас.

Өз үйім – өлең төсегім. (песня, nest)

 

Отансыз адам – ормансыз бұлбұл. (человек, man)

 

Еңбек етпеген ішіп – жемейді.(труд, work)

Отан үшін отқа түс – күймейсің. (родина, Motherland)

І – жүргізуші.

«Биомасса энергиясы» Сиқырлы сандарды табу

4- қабат  «Биомасса энергиясы»  деп аталады.

Сиқырлы сандарды табу сайысы.

(Әр топ тыңдаушылары интерактивті тақтада өздеріне арнайы берілген  тапсырмалар арқылы елімізде болған елеулі оқиғалардың жылы мен күнін атауы керек ).

1991 жыл 16 желтоқсан (Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күні )

1992 жыл 4 маусым (ҚР Мемлекеттік рәміздер күні)

1993 жыл 15 қараша  ( ҚР Ұлттық валюта күні)

1995 жыл 30 тамыз  (ҚР Конституциясы күні)

1998 жыл 10 маусым (Ақмола қаласы Астана қаласы  болып өзгертілді).

2012 жыл 1 желтоқсан ( Тұңғыш Президент күні)

ІІ – жүргізуші.

ЖАЗЫЛЫМ:

ТЕСТ:

 

Міне, бесінші «Жел энергиясы» қабатына да келіп жеттік. Сайыстың шарты бойынша «Зерделіге зерлі сөз» сайысында әр топ берілген тест сұрақтарына жауап береді.

 «Жел энергиясы»

«Зерделіге зерлі сөз»

 

1. EXPO халықаралық көрмесінің неше жылдық тарихы бар?

А) 166 жыл                  В)   160   жыл

С) 156 жыл                 D) 170 жыл

2. Осы уақытқа дейін әлемде EXPO халықаралық көрмесі неше рет өткізілді?

А) 55                           В)   60

С) 63                           D) 70 жыл

3. Темір ханым аталған ғимарат қай EXPO-ның жеңісі,қай қала, қай елде еді?

А)  АҚШ            В) Эйфель мұнарасы (Францияда)

С) Ресей                  D) Қазақстан

4. Қай EXPO-да қазақ әншісі әлемге ұлтымыздың қандай құндылығын танытты, ол кім?

А) А. Құнанбаев         В)   М.Жұмабаев

С) Ә.Қашаубаев          D) І.Омаров

5. Қазақстан халықаралық көрме бюросына қай жылдан мүше болды?

А) 1996 жыл                В)   1998   жыл

С) 1999 жыл                D) 1997 жыл

6. Қазақстан EXPO-ға қатысуды қай жылы, қай күні жеңіп алды?

А) 2012жыл 22 қараша       В)   2000жыл 22 қараша

С) 2010 жыл  22 қараша     D) 2015 жыл 22  қараша

7. «Ханшатыр» сауда және ойын-сауық орталығының биіктігі қанша метр?

А) 166 метр                        В) 150 метр

С) 156 метр                        D) 170 метр

8. «Думан» ойын-сауық орталығы қай жылдан жұмысын бастады?

А) 2005 жылы                   В) 2001 жылы

С) 2007 жылы                   D) 2003 жылы

9. «Ханшатыр» сауда және ойын-сауық орталығы неше тонналық ғимарат?

А) 2300 тонна                   В)   2100 тонна

С) 2000 тонна                   D)   2500 тонна

10.   «Думан» ойын-сауық орталығында теңіз тіршілік иелерінің неше түрі бар?

А) 110                               В) 100

С) 50                                  D) 70

«ТЫҢДАЛЫМ  №35

(163 бет)

І – жүргізуші.

Күн сәулесі энергиясы»

6-қабат «Күн энергиясы»  деп аталады

Тыңдаңыз. Көп нүктелер орнына тиісті сөздерді жазыңыз.

Астана қаласындағы  «Солтүстік шұғыла»  кешені. Менің аты-жөнім  _________________.   Мен «Солтүстік шұғыла»  кешені жобасының _________.  Суретке қарасаңыздар,  бұл кешен_______________   ғимараттан тұрады.  Оларды «___________  тұрғын» үйлер деп атауға болады. Еліміздегі ең тамаша пәтерлер осының ішінде.  Мұнда ____________ астам пәтер болса, сонымен бірге  астында мәшине қоятын _____________ пен азық-түлік пен  киім сатып ала алатын _________________  орналасқан.

ІV. Бекіту.

ІІ – жүргізуші.

Грамматика

 «Ғарыш энергиясы» 

 

 

 

 

 

7-қабат «Ғарыш энергиясы»  деп аталады

(әр топқа мозайканың бөліктерін құрастыру арқылы грамматикалық тапсырманы орындайды).

Берілген сөздерге көрсетілген жұрнақтардың тиістісін жалғап, сөйлемді толықтырыңыз.

«Мозайка» құрастыру

1 – топ

бөлме

сапа

сән

алма

-лы/-лі,-ды/-ді,-ты/-ті жұрнақтарын жалғаңыздар.  

Қыздар ………….. көйлек киюді ұнатады.

Олар бес …………….. үйде тұрады.

Мен …………… өнімдерді сатып алдым.

Сендер ………………. бақта қыдырдыңдар ма?

 

2 – топ

ақша

бұлт

дәм

тау

 

Сен …………….. тамақ пісірдің.

Біз ………………. жерге саяхат жасадық.

Аспан …………….. болып тұр.

Оған …………….. кісілер көмектесті.

V. Қорытынды.

І – жүргізуші.

«Болашақтағы Астана»

«Хат қоржыны»

8- қабат «Болашақтағы Астана»  «Хат қоржыны» сайысы (әр топ тыңдаушылары конверт ішінен қағазға болашақтағы астананы қалай елестететіндері туралы өз ойларын жазады).

1 – топ.                                         2 – топ. 

Мысалы: Астана – болашақта әлемдегі экологиясы ең таза қала болады.                                                                  Астана – болашақта   әлемге танымал, өркениетті қала болады.

ІІ – жүргізуші.

 

Тарихымды, салт-дәстүрді танысын,
Көрсін әлем жүйрік аттың шабысын.
EXPO – ол келешектің кепілі,
Қазақ деген атқа лайық намысың.Құрылыстан талмай қолы Қазағым,
Көзбен көріп жүргендіктен жазамын.
«Мәңгілік ел», жарқын сенің ертеңің,
Әлі-ақ айтар күн де туар жаз әнін …

І – жүргізуші.

 

Бүгінгі сайыс сабағымызды қорытындылау үшін  сөз кезегін әділқазылар алқасына береміз.

Бойларыңда  от  бар екен байқадым,

Жүректерде  шоқ  бар екен байқадым.

Әрқашанда  осы  шоқты  өшірмей

Жалындатып  шарықтаңдар,  әрдайым.

Өрендер, өрлей берсін, өнерлерің,

Айналаң, бәрі сенің көрерменің.

Тілеймін, дәл осылай барлығыңның

Тек қана биіктерден  көрінгенін, – деп бүгінгі

саяхат-сайыс сабағымызды  аяқтаймыз.

VI. Үй тапсырмасы:

 EXPO-2017 көрмесіне қалай жетуге болады? атты жол сызбасын сызып келу (Астана қаласының әуежайы мен теміржол вокзалынан бастап EXPO-2017 қалашығына дейінгі аралық).