«Көрнекі ақпарат: мәселелер және оны шешу жолдары» атты дөңгелек үстел

Тілдерді дамыту басқармасы а.ж. 25 маусымда Қарасу ауданы Қарасу ауылында басқарма мамандары, Алтынсарин, Әулиекөл, Қарасу, Науырзым, Сарыкөл аудандары әкімдіктері мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері басшылары мен мамандары, ономастикалық жұмыс топтары мүшелері, тілдерді оқыту орталықтары, ҮЕҰ, жастар ұйымдары өкілдерінің қатысуымен «Көрнекі ақпарат: мәселелер және оны шешу жолдары» атты дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстел отырысын Қарасу аудандық мәслихатының хатшысы С.Қ. Қазиев құттықтау сөзбен ашып,  Қарасу аудандық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Н.М. Мұқанова жаңа қазақ әліпбиінің емлесін  түсіндірді,  А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы А.А. Әбсадықов латын әліпбиіне көшу барысында көрнекі ақпарат саласындағы түйткілдер мен тұжырымдарға шолу жасады, аудармашы, блогер И.Т. Арыстанбеков көрнекі ақпарат мәтіндерін аударудағы ерекшеліктер туралы баяндап берді, Тілдерді дамыту басқармасының бас маманы А.Ж. Садуақасова сауатты жарнаманың тіл тазалығы мәселесіндегі маңыздылығына тоқталды.

Көрнекі ақпараттың тіл туралы заңнамаға сәйкестігі мәселесі қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Ол мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыру, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру істеріне тікелей қатысты, сонымен қатар көрнекі ақпарат өнімдері кез келген елді мекеннің келбеті, тіпті өркениет деңгейінің көрсеткіші десек артық айтпаймыз. Сондықтан осы мәселені шешуге атсалысу әр азаматтың парызы болып табылады.

Шараның басты мақсаты – осы ойды әр қатысушының көкейіне ұялату, ал олар өз кезегінде ойына түйген ақпаратпен өзгелермен бөліседі. Осы орайда дөңгелек үстелге қатысушылар сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру бойынша  заң бұзушылықтардың алдын алу, жастарды мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға белсенді атсалысуға ынталандыру туралы пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісіп, қажетті мәліметтерге қанықты. Қатысушылардың пікірінше шараның көзделген мақсатына қол жеткізілді.