«СөйлеTime» қазақ тілі сөйлесу клубының тұсаукесері өтті

2021 жылғы 19 наурызда Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының “Тілдарын” облыстық тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен Ы.Алтынсариннің мемориалдық мұражайында «СөйлеTime» қазақ тілі сөйлесу клубының тұсаукесері өтті. Аталмыш іс шараға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Б.Есімова қатысып, барлық қатысушыларды құттықтады.

Клубтың мақсаты – Мемлекет басшысы атап өткен тіл үйренуге ұмтылған барлық отандастарды қолдау: «Мемлекеттік тілді білетін әрбір азамат өзінің білімін қазақ тілін үйренгісі келетін достарымен, әріптестерімен, таныстарымен бөліссін», мемлекеттік тілде үйренгісі келетін әр азаматқа көмек көрсету, өз ойын қазақ тілінде жеткізуге үйрету.

Іс шара барысында қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт жастары өз тәжірибелерімен бөлісіп, тілді оңай меңгеру бойынша шеберлік класстарын көрсетті. Олардың ішінде М.Горький атындағы мектеп-гимназиясы қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Дмитрий Ромащенко және Тобыл қаласындағы бастауыш сынып мұғалімі Екатерина Гедзур. Сонымен қатар, Қостанай облыстық қазақ драма театрының директоры Әлімхан Мырзахан тілдерді үйрену ешқашан кеш емес екенін айтты.

Клубтың кездесулері аптасына 1 рет бейресми жағдайда өтеді, мысалы, кафеде, саябақта, табиғатта. Кездесу-отырыстардың форматы әр түрлі болады – ауызша әңгіме, арт-кеш, шақырылған қонақтардың қатысуы, тіл білгірлерімен танысу, бестселлерлерді оқу, фильмдерді субтитрлермен қарау, жаңа өнімдерді, қоғамдық өмірдегі оқиғаларды талқылау.