«СөйлеTime» клубының жабылуы өтті

2021 жылғы 1 шілдеде қазақ тілін еркін форматта үйрететін “СөйлеTime” клубының 1-ші маусымының жабылуы өтті.

Ағымдағы жылдың наурыз-маусым аралығында аптасына 1 рет әр түрлі мәдени-әлеуметтік орындарда қазақ тілінде өткізілген 16 кездесу барысында клуб мүшелері тілдік ортаға бейімделіп, қазақ тілін үйренуге деген ынталары артып, көптеген танымдық ақпарат алды.

Әсіресе, қазақ драма театры мен облыстық қуыршақ театрында өткен кездесуде қысқа қойылымдарға қатысып, өздерінің актёрлік шеберліктерін шыңдап, рөлдік ойындардан  керемет әсерге бөленді. Кітапхана, мұражай қабырғаларында өткен кездесуде қазақтың салт-дәстүрлерімен танысып, сөздік қорларын байытты.

Орталық базасында өткен интерактивті сабақта өзара сұхбат құрып, еркін сөйлеуге машықтанды. Аталған жоба қыркүйек айында өз жалғасын табатын болады. Орталық басшысы Ж. Қ. Ербатырова клубтың белсенді қатысушыларына алғысхат табыстап,  тіл үйренушілерге сәттілік тіледі.