Әдістемелік семинар-тренинг

2018 жылғы  12 желтоқсанда «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы «Оқыту бағдарламаларын жетілдіру, тілді оқыту барысында жаңа интерактивті әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану» атты облыстық семинар-тренинг өткізді.

Әдістемелік семинар-тренингке облыстың 16 ауданынан 30 қатысушы қатысты.

Семинар модераторы “Тілдарын” облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы Ж. Ербатырова іс-шараның барысы мен мақсаты туралы айтып берді. Кіріспе сөз Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Г. Мендекиноваға берілді. Семинар-тренинг барысында 2 баяндама және тілді оқытуда әдіс-тәсілдерді пайдалану сабақтары көрсетілді.

«Білім беру үрдісінде белсенді оқыту әдіс-тәсілдерін қолдану» тақырыбында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының қазақ тілі пәнінің тренері Ә. Қожаниязова тыңдалым бөліміне қолданатын тиімді әдіс-тәсілдер үлгілерін көрсетті.

Рудный қаласы әкімдігінің №7 мектеп-гимназиясы, қазақ тілі мен әдебиеті әдістемелік бірлестігінің жетекшісі  Ғ. Байкенова «Тілді меңгерудегі жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдану» тақырыбы аясында мәтінмен жұмыс жасаудың әдістерін ұсынды.

«Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушы-тренері  Р.Нұржанова «Мемлекеттік тілді оқытуда тыңдаушыларға лексикалық материалды меңгертудің белсенді әдістері» бойынша практикалық жұмыс жасады.

Семинар-тренингтің екінші кезеңінде мемлекеттік тілді оқытудағы бағдарламаларға тоқталды. «Тілдерді қолдану мен дамудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізілген өзгерістер» туралы «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары Г. Талапова  баяндама жасады.

«Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының әдіскері А.Доспанова «ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша бес деңгейлік оқыту бағдарламасына өзгерістер енгізу» жайында ақпарат берді.

Іс-шара барысында өткізілген тренинг бойынша жинақтаған білімді талдап, алдағы ұсыныстар тыңдалды. Семинар-тренингтің соңында оқыту бағдарламаларын жетілдіру, келешекте тиімді жүзеге асыру мақсаттары айқындалып, әдістемелік талқылау өтті.

Барлық қатысушыларға Сертификаттар табысталды.