«Бір ел – бір кітап» акциясы

   «Қостанай қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапхана жүйесі» ММ «Южный» ҚБ кітапханасында “Бір ел – бір кітап” акциясы аясында үш бірдей  қазақ ақын-жазушыларының еңбектеріне арналған танымдық кеш өтті.

Биылғы жылы республикалық акция бойынша үш бірдей кітап: Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары, Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» және Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітаптары таңдалып алынды. Іс-шара барысында кітапханашы оқушыларға Шәкәрім Құдайбердіұлының еңбектеріне библиографиялық шолу жасады. Оқушылар ақынның «Жастарға», «Жер жүзіне қарасам» атты өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Аталған іс-шараға «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Бағжан Жұматай баяндамамен қатысты. Оқушылар Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесінен алған әсерлерімен бөлісіп, жазушының балалық шағы, отбасы мен қазақ халқының тәрбиесі жайында әңгімелесті. Республикалық  «Бір ел – бір кітап» акциясы барысында Н.Келімбетовтың өмірі мен  шығармалары жайында айтылып, «Үміт үзгім келмейді»  хикаят – монолог кітабынан  кеш қонағы үзінді оқыды.