16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай «ХХІ ғасыр көшбасшысы» атты интеллектуалды сайыс өтті

2019  жылдың 11 желтоқсаны күні «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығында  мемлекеттік тілді оқыту курсының тыңдаушылары арасында 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай «ХХІ ғасыр көшбасшысы» атты интеллектуалды сайыс өтті.

Сайыстың шарты бойынша мемлекеттік тілдің әр оқытушысы 1 тыңдаушыдан ұсынды.

Сайыстың мақсаты мен міндеттері: орталық тыңдаушылары арасында мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын арттыру және мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау; мемлекеттік қызметшілердің бойында Отанына, еліне, жеріне, тіліне деген сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін ояту; мемлекеттік тілде сөйлеу мәнері мен шеберліктерін шыңдау, күнделікті өмірде, қызметте мемлекеттік тілді қолдануға және мәдениетті сөйлеуге ынтасын арттыру; тілдік ортаны қалыптастыру және тіл мәдениетіне тәрбиелеу.

Сайыс  «Бәйге»,  «Дарындылар додасы» және «Өз ойым…» (3-4 минут ішінде таңдалған тақырыпты ашып, өз ойын айту) деп аталатын кезеңдерден тұрды.  Әр тапсырмаға сәйкес өзінің уақыты белгіленіп, тыңдаушыларға әр айналым бойынша балдық жүйемен ұпай берілді.

Бірінші орынға ҚР ҰҚК Қостанай облысы бойынша департаментінің қызметкері Дүйсенбаев Манат, екінші орынға ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Солтүстік» өңірлік басқармасының қызметкері Қаракесекова Жанар, үшінші орынға ҚР  еңбек  және  халықты әлеуметтік қорғау  министрлігі еңбек әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің қызметкері Тоқмағанбет Әнуар ие болды және 3 тыңдаушыға алғыс хат табысталды.