Оқытушы шеберлігі – тіл мәртебесі

3 қыркүйек күні қазақ тілінің оқытушылары арасындағы А.Байтұрсынов атындағы «Үздік оқытушы – 2019» облыстық байқауы болып өтті. Бұл байқау 5-қыркүйек ұлт көсемі А.Байтұрсыновтың туған күніне орай ұйымдастырылып, биыл екінші рет өткізіліп отыр. Байқауға Алтынсарин, Жанкелдин, Қамысты, Меңдіқара аудандары мен Рудный, Арқалық, Қостанай қалаларынан барлығы 8 оқытушы қатысты.

Олар электрондық портфолиомен таныстыру, педагогикалық-психологиялық жағдаяттарға арналған тапсырмаларға жауап беру және В2 ортадан жоғары, С1 жоғары деңгейде 25 минуттық сабақ үлгісін көрсету кезеңдері бойынша сайысқа түсті.

Сайыстың өткізілу мақсаты – ересектерге мемлекеттік тілді оқытып жүрген шығармашылықпен жұмыс жасайтын оқытушыларды анықтау, қолдау, марапаттау; оқытушылардың кәсіби-педагогикалық шығармашылығын және мемлекеттік тілді оқыту үдерісін ынталандыру; мемлекеттік тілді оқытудың әдіснамасын жетілдіру; озық тәжірибелерді тарату болып табылады. Сайысқа «Тілдарын» орталығынан қатысқан оқытушы Айнұр Жомартқызы Нұрбекова жүлделі ІІ орынға ие болды. Айнұр С1 деңгейі бойынша «Цифрлық Қазақстан» тақырыбында сабақ өткізіп, сабақ құрылымының 4 әрекетіне сәйкес оқылым, тыңдалым, жазылым, сөйлесім бөліктерінде цифрлық технология туралы жаңа, тың мәліметтерді ұсынып, өз тәжірибесімен бөлісті.