Открытый урок «Национальный код. Национальные игры казахского народа»

 «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы» КММ оқытушысы

   Серікбаев Нұрмұхамед Әмзеұлы

   Қостанай қаласы 

 

Сабақтың тақырыбы: Ұлттық код. Қазақ халқының ұлттық ойындары.
Сабақтың  мақсаты:

Тыңдаушыларға сабақ барысында қазақ халқының ұлттық ойындарының түрлерімен таныстыру және  дәріптеу. Әр қоғамның өзінің тарихи тамыры тереңінен бастау алатын рухани коды болады және ұлттық кодымызға не жататындығын ұғындыру. Қазақ халқының ұлттық ойындарына қатысты жаңа лексикалық сөздер, сөз тіркестерін есте сақтау. Отансүйгіштікке және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға баулу.
Сабақтың  әдісі: Ойын, сұрақ – жауап, түсіндіру, баяндау, әңгіме, ой қорыту.
Сабақтың  көрнекілігі: Интерактивті тақта, суреттер, ер-тұрман, асық, арқан.
Сабақтың  түрі: Танымдық сабақ
Сабақтың  барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі: І.Оқытушының кіріспе сөзі.

ІІ.Тыңдаушылардың сабаққа зейінін аудару.

ІІІ. Жаңа сабақ.

ІV.Сабақты бекіту.

V.Қорытынды

VІ.Үй тапсырмасы.

Кіріспе сөз. Сәлеметсіздер ме, тыңдаушылар! Бүгінгі сабағымызды ерекше түрде өтетін болады, сабақтың тақырыбы «Ұлттық код. Қазақ халқының ұлттық ойындары». Бүгінгі сабағымыз аудиторияда басталып, табиғат аясында практика жүзінде ұлттық ойындарды ойнау ережесін түсіндіре отырып, екі топқа бөлініп сайыс түрінде жалғасады.

—         Қазақтың қандай ұлттық ойындарын білесіздер?

—         Бала кездеріңізде қандай ұлттық ойындарды ойнадыңыздар?

Қазыбек би: Дұшпанның аяғына жаншылмаған елміз, Басымыздан намысты асырмаған елміз, адалдықты әрқашан жасырмаған елміз, атаның өсиетін балаға, баланың өнерін атаға айтып, тарата білген елміз, құлақтың құрышын қандырып, әділ сөзді халыққа айта білген елміз, — деп айтып кеткен.

Ұлттық кодтың негізі – отансүйгіштік. Біздің мақсат ұлттық ойындарымызды жаңғырту, қастерлеу, оны ұмытпау.

ІІ Жаңа сөздер: Бүгінгі сабақ барысында қолданылатын жаңа сөздермен танысайық.

Өмілдірік, құйысқан, терлік, шідері бау, сағалдырық, үштабан, алтыатар, қанталапай, алшы, шік, бүк, омпы, шоңқа осы сөздерді барлық тыңдаушылар мағынасын ұғынып, көзбен көріп есте сақтап алады.

ІІІ Жаңа сабақ  Бүгінгі жаңа сабағымыз сайыс түрінде өтеді. Тыңдаушылар екі топқа бөлініп, әр топ өз іштерінен көшбасшысын сайлайды. Ал енді ойынымызды бастамас бұрын ойынның ережесімен таныс болайық.

Ойын 4 кезеңнен тұрады: І-кезең. «Бәйге»

                                             ІІ-кезең. «Жорға»

                                             ІІІ-кезең. «Көкпар»

                                             ІV-кезең. «Тапқырлық»

Әр кезеңнің ұпай саны қоржындағы асық санына байланысты есептеледі. Көп асық жинаған топ жеңіске жетеді.

І-кезең. «Бәйге»

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Асық ату ойыны:

1. Асық ойынының ережесі түсіндіріледі.

2. Ойын жарыс түрінде өткізіледі.

3. Ойын аяқталғаннан кейін, асық ойынына байланысты сұрақтар қойылады (парта үстінде үш қоржын болады, ортасындағы қоржында  сұрақтар тұрады, сұрақты тыңдаушы ашып жауап береді, дұрыс жауап берген жағдайда ғана бір асықты өз қоржынына салады, әр бір асық он ұпай болып саналады)

Сұрақтары:
— Қой асығы болғанмен қолыңа жақсы сақа тұт,

Жасы кіші болсада ақылы асса аға тұт, — мақалдың мағынасын ашып түсіндіріп бер.

(Қанша көп асығын болғанмен, оның ішінде саған жеңіс алып беретін ауыр, сақа асығыңның болу керектігін айтады. Келесі жолда ақылы өзінен асып тұрған жасы кіші інің болса, сол ініңді ағаңдай көр деген мағына береді).

—         Асығың алшысынан түсіп тұр, тұрақты тіркесінің мағынасын қалай түсінесіз?  ( жолың болып тұр деген мағынаны білдіреді)

—         Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар …  жалғасын табыңыз (Бәрінен қой бағып құйрық жеген озар).

—         Сөзін сөйлей алмаған, атасынан көреді…. мақалды жалғастырыңыз (Асығын ата алмаған, сақасынан көреді).

ІІ-кезең. «Жорға»

«Арқан тартыс» ойыны:

1. Ойынның ережесі түсіндіріледі, ойын сергіту сәті ретінде өткізіледі.

2. Бұл ойында жеңген командаға екі асық сыйға беріледі, ол жиырма ұпай болып есепке алынады, ойын соңында сайыскерлерге сұрақтар қойылмайды.

ІІІ-кезең. «Көкпар»

Қол күрес:

1.  Қол күрестің ережесі түсіндіріледі.

2.  Ойын жарыс түрінде өткізіледі.

3. Команда мүшесі қарсыласын жеңген жағдайда үлкен қоржыннан бір асықты алып өз қоржынына салады, әр бір асық он ұпай болып саналады.

ІV-кезең. «Тапқырлық»

Қолбасшылар сайысы:

Бұл жерде ер-тұрманымен  қазақтың қазанаты ортаға шығарылады, жылқы үстіндегі ат әбзелдерін команда қолбасшылары ретімен атап шығу керек. Дұрыс толық атап шыққан қолбасшы өзінің қанжығасына он ұпайды еншілейді.

V.Сабақты бекіту. Сөз жұмбақ

1. Асық ойыны барысында атуға арналған асықтың атауы (сақа)

2. Асық ойынының бір түрі (үштабан)

3. Ұлттық ойынымыздың атауы (қыз қуу)

4. Ер қанаты … (ат)

5. Асау тұлпарды сабасына түсіретін шабандоздың құралы (қамшы)

VІ. Қорытынды.

 

Тартыс десе арқанды бердік ескен,
Білек күшін көрсетіп қол күрескен.
Асық ату атадан қалған мұра
Ұлттық ойын шықпайды елдік естен! –деп сабағымызды қорытындылаймыз.(Табиғат аясында болған сайыс сабағымызды аудиторияға келіп қорытындыладық)
VІІ.

Үйге тапсырма.

Әр топ қазақтың бір ұлттық ойынының ережесін айтып беру.

 

Сабақта қолданылған қосымша материалдар Асық ату ойыны

Бұл ойын негізінен ер балаларға тән. Асық ойыны үшін  керекті құралдың ең негізгісі – сақа. Бір – біріне қарсы екі бала немесе бірнеше бала екі топқа бөлініп ойнаулары мүмкін. Ойынның негізгі шарты бір-бірінен асық ұту. Асық ойының «Үштабан», «Алтыатар», «Қанталапай» т.б. түрлері бар. Асықты пайдалану жолдары.  Асық – балаларға арналған қазақтың ұлттық ойыны.

Асық – көше ойыны. Ойын ережесі 1-2 метр   шеңбер сызылады.  Шеңбердің арақашықтығы 4 метр. Кезек  сақа иіру арқылы анықталады. Асықты иірудегі атаулары алшы, тәйке, бүк, шік. Мақсаты барлық асықтарды шеңберден шығару. Асық адамды ептілікке, мергендікке  шапшандыққа үйретеді.

Арқан тарту ойыны

Ойынды жазда көгалды алаңда, спорт залында өткізуге болады. Ойынға ұзындығы 10 метрдей жуан кендір арқан керек. Ол арқанның тең ортасынан орамалмен орап белгі жасайды, белгінің екі жағынан бір жарым екі метрдей жерден тағы да жоғарыдағы тәртіппен белгілейді. Ойынға қатысушылар тең екі топқа бөлінеді. Олардың саны 10-12 адам болуы мүмкін, ойыншылар бойларына қарай қатар түзеп тұрады.

Содан соң ойын басқарушының берген командасы бойынша екі топ тартысқа түседі. Ойыншылардың мақсаты — тартысқа түскен екі топ бірін-бірі тартып, жердегі орталық сызықтан бұрын сүйретіп өткізіп әкету. Екі топтың қай жағы орталық сызықтан қарсы топты бұрын сүйреп өткізіп әкетсе, сол жағы ұтқан болады, жеңген жағы бәйгесін алады. Ойын қимыл бірлігін қалыптастырып, ұжымдық іс-әрекетке тәрбиелейді.