“Тіл – татулық тірегі” атты дөңгелек үстел өтті

2021 жылы 3 қыркүйекте Қостанай облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқының тілдері күні қарсаңында “ТІЛ – ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ” атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның мақсаты Қостанай өңірінде қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерімен кездесу, жастар арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін насихаттау.

Аталған іс-шараны Қостанай облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Г.Е.Мендекинова кіріспе сөзбен ашып, облыс көлемінде тілдерді дамыту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы кеңінен баяндап берді.

Зиялы қауым өкілдері өңірдегі іргелі жоғары оқу орны А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры Қ.Х.Жақып, филология ғылымдарының кандидаты К.Қ.Есіркепова, “Мукарама Ана” қоғамдық қорының атқарушы директоры Б.Ғ.Ертаева өздерінің өмірлік іс-тәжірибелерімен бөлісіп, тіл саясаты төңірегінде сөз қозғады. “Қоғамдық келісім” мекемесінің басшысы Н.С.Рамазанова қазақ тілінің қоғамды біріктіруші фактор екенін алға тартып, өзінің тілді меңгерудегі ойымен бөлісті.

Мемлекеттік тілді жетік меңгерген жастар “Тіл үйренудегі менің тәжірибем” тақырыбында қызу пікір алмасты. Әсіресе, М.Горький атындағы гимназияның мұғалімі Д.Ромащенко, Тобыл қаласындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Е. Гедзур, Рудный қаласының 5 мектеп-гимназиясының мұғалімі Г.Щепарова, Қостанай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері К.Гартман, Р.Гусеинов, “СөйлеTime” клубының қатысушылары А.Таах, Е.Порунова қазақ тілін үйренудегі қызықты сәттерімен бөлісті.

Іс-шара “Тәуелсіз Отаным – Қазақстан!” тақырыбында викториналық сұрақтарға жауап берумен аяқталды.