«Латын әліпбиі қазақ тілін еркіндікке шығарады» тақырыбындағы кездесу

ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институты және біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен «Латын әліпбиі қазақ тілін еркіндікке шығарады» тақырыбы бойынша 2018 жылғы 14 қыркүйекте ғылыми және педагогикалық магистратурасының оқытушы-әдіскерлері және 1,2-курс магистранттарының, біліктілігін арттыру курсы тыңдаушыларының қатысуымен кездесу өтті.

Кездесуге «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары  Г.Талапова қатысып, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы баяндама жасады. Баяндама барысында қазақ әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен біртіндеп көшірілетіні туралы, қазіргі таңда төрт арнайы жұмыс тобы: біріншісі —орфографиялық (қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруде орфография мен орфоэпия ережелерін дайындау үшін); екіншісі — әдістемелік (латын әліпбиін үйрету және оқыту әдістемесін жасап, оны білім беру жүйесіне біртіндеп енгізу үшін); үшіншісі — терминжасам (латын графикасының негізінде қазақ тілінің терминологиялық базасын жүйелеу үшін); төртіншісі — сараптамалық-техникалық (латын графикасын ІТ-технология талаптарына сәйкес келтіру үшін), жұмыс топтарына тіл білімі саласының кәсіби мамандары тартылғандығы жөнінде айтылды.

Академия магистранттары мен біліктілігін арттыру курс тыңдаушылары латын графикасына қатысты өз көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алып, өзара пікір алмасу болды.