Cертификат тапсыру рәсімі

2018 жылғы 12 қаңтар күні  А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің бас ғимаратының акт залында дәстүрге айналған «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының тыңдаушыларына мемлекеттік, ағылшын және ана тілдерін оқыту курсын толық аяқтағаны үшін сертификат тапсыру рәсімі өтті.

Сертификат тапсыру рәсімі алдында Қостанай облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қ.Ахметов тыңдаушыларға Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған басым бағыттарды түсіндіріп, Жолдаудың жетінші «Адами капитал – жаңғыру негізі» тармағына жеке тоқталды. Тармақтағы қазақстандықтардың болашағы қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде екенін, 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесі жасалатыны туралы толық ақпарат берді.

Кездесу соңында «Тілдарын» орталығының тыңдаушыларына салтанатты түрде сертификаттар табысталды.

Жалпы сертификат алушылардың саны 320 тыңдаушы болды. Оның ішінде 242 мемлекеттік, 17 ағылшын және 61 ана тілдерінің тыңдаушылары болды. Салтанатты жиынға ҚМУ профессоры Қ.Жақып, Тілдерді дамыту басқармасы, Ішкі істер департаменті, Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы, Шекара қызметі «Солтүстік» өңірлік басқармасының  мамандары құрметті қонақ ретінде шақырылды.

Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Г.Мендекинованың атынан мемлекеттік тіл саясатының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушылары  А.Доспанова, Г.Крикпенова, А.Нұрбекова, сонымен қатар Ішкі істер департаменті, «Солтүстік» өңірлік басқармасы, Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы үздік мекемелер деп атанып алғыс хаттармен марапатталды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *