«Мемлекеттік тілді үйретудегі тәжірибе және инновация» атты республикалық біліктілікті арттыру курсы

2017 жылдың 6,7,8 желтоқсан күндері «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы А.Ж.Нұрбекова Астана қаласындағы Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығында өткен «Мемлекеттік тілді үйретудегі тәжірибе және инновация» атты республикалық біліктілікті арттыру курсына қатысып келді.

Біліктілікті арттыру курсында «Haileybury Astana» британдық мектебінің қазақ тілі мұғалімі Г.Қ.Жұмағалиева «Қазақ тілі сабағында қолданылатын жаттығу түрлері», Назарбаев университеті қазақ тілі және түркітану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ж.А.Ағабекова «Тіл үйретудің инновациялық әдістері мен  тәжірибелері», Еуразия гуманитарлық институтының қазақ және орыс филологиясы кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Н.Х.Шадиева «Тіл үйретудің педагогикалық-психологиялық аспектілері» атты тақырыпта дәріс оқып, практика жұмыстарын жүргізді.

Сондай-ақ, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының профессоры, ғалым Ә.Жүнісбек «Қазақ тілінің төл дыбыс құрамы», аталмыш орталықтың директоры Е.Е.Тілешов «Латын графикасындағы әліпбиге көшудің әдістемелік алғышарттары» атты тақырыптарда дәріс оқыса, аталған орталық қызметкерлері М.З.Дарменова, Д.Жаңабекқызы «Қазақ сөзі» оқу-әдістемелік құралымен таныстырып, қазақ тілін үйретудегі жаңа ізденістерімен бөлісті. Осы орталықтың ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы М.Бақытқызы «Қазақ тілі интернет кеңістікте» атты тақырыпта «Тіл әлемі» порталынан бастап «Еmle.kz», «Atau.kz», «Qujat.kz», «Balatili.kz», «TilMedia.kz» сайттарына презентация жасап, сайтпен жұмыс істеу әдіс-тәсілдерін көрсетті. Курс соңында оқытушы А.Ж.Нұрбековаға 36 сағаттық біліктілікті арттыру курсына қатысқандығын растайтын сертификат табыс етілді.