Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығына арналған «Даналар сөзі- ақылдың көзі» атты республикалық шешендік өнер байқауы

Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен 2017 жылдың 17 қарашасында Қарағанды қаласында «Рухани жаңғыру» Бағдарламасы аясында Қаз дауысты Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығына арналған «Даналар сөзі – ақылдың көзі» атты республикалық шешендік өнер байқауы өтті.

Аталған іс-шара мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, шешендік өнерді, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына зор үлес қосқан қабырғалы қайраткер, ұлы би, от ауызды, орақ тілді шешен Қаздауысты Қазыбек бидің шешендік мұраларын  насихаттау, тілге шешен, ділмар сөз шеберлерінің өнеріне қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Байқауға барлық облыстардан 16-35 жас аралығындағы үміткерлер қатысты.

Іс-шараға Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының қызметкері Алтын Ташмағамбетова қатысып, алғыс хатпен, ынталандыру сыйлығына ие болды.

Қазылар алқасы үміткерлер өнерін бағалау кезінде олардың байырғы сөздерді орнымен түрленте пайдалануына, ойының жүйелігіне, шешендік шеберлігіне, дауыс мәнері мен тіл тазалығына, сахнада өзін-өзі ұстауына баса назар аударды. Байқау жеңімпаздарына алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.